Жазушы Шыңғыс Айтматовтың қарындасы Роза Айтматова үкіметтен классик қаламгердің туғанына 100 жыл толуына орай іс-шараларды өткізбеуді сұрады. Бұл туралы Paida-news.kz ақпараттық порталы “24.kg” арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Роза Айтматованың айтуынша, жазушының мерейтойына бюджеттен ақша бөлудің қажеті бар ма деген пікірталас қоғамда тууы мүмкін екенін ол алдын ала сезіп отыр.
«Міндетті түрде “Айтматовтың 100 жылдығына бөлінген қаржыны басқа бір пайдалы іске жұмсауға болар еді” деген әңгіме айтылады. Сондықтан мен үкіметтен осы қаражатты қарапайым халықтың өмірін жақсартуға бағыттауды алдын ала сұраймын. Бұл оған деген шынайы құрмет болар еді», – делінген үндеуде.
Ол сондай-ақ Шыңғыс Айтматовтың қайтыс болғанына 17 жыл өтсе де, оның есімі әлі күнге дейін қоғамда талқылау мен сынға себеп болып келе жатқанын атап өтті. Роза Айтматова марқұм жазушының рухын мазаламауға және оның атын қорламауға шақырды.
