2 C
Almaty
Жұма, 20 Наурыз, 2026

― Advertisement ―

spot_img

«Демократиялық дем» мен «әбүйір» дағдарысы нені меңзейді?

Депутат Ермұрат Бапи Мәжілістің жалпы отырысында конституциялық реформаға қатысты тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру әбүйір әпермейтінін айтты.

Мәжілісімен бұл ретте қазіргі жағдайда қалыптасқан халық талабын «созылмалы қарсылық дерт» ретінде сипаттап берді. Тіпті бұл мәселені «түсініксіз жағдай» ретінде атады.

«Біз елде бұрынғы 30 жыл бойы қалыптасқан, сірескен саяси режимнің сеңі 2022 жылғы референдум барысында сөгіле басталғанына мән бермей жүрміз. Алғашқы реформаның нәтижесінде бірте-бірте қалыптасқан құндылықтарды бағалай алмай жүрген «созылмалы қарсылық дертіміз», өзіміз аңсап келген конституциялық өзгерістерді өгей көргеніміз тіптен түсініксіз жағдай боп тұр», —  деді ол.

Бұдан әрі сын айту мүмкіндігін «қоғамдық құндылық» деп атаған депутат бұл кезеңді Назарбаев дәуірімен салыстыра кетті.

«Әрине, азаматтық ұстаныммен және мемлекеттік мүдде тұрғысында айтылатын сындарлы сынға шектеу болмауға тиіс. Бірақ сондай сын айтудың мүмкіндігі қоғамдық құндылық екенін тағы да бағалай білуіміз керек. Назарбаевтың заманында демократиялық демі ішінде тұншығып, суырылып шыға алмай жүрген қоғамның тығыны сол құндылықтардың арқасында ағытылғанын мойындауымыз керек!» — деді ол.

Ермұрат Бапи сөз соңында «басқа пәле тілден» деген халық даналығын қараша жұрттың қайыра есіне салып, «имансыз идеялар тықпаланған» бұндай кезеңде өте-мөте сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ екенін еске салды. Біз бұл кесіп-пішілген пайымды ары қарай тамыздықтатпай-ақ беруді жөн көрдік. 

«Жаңа Конституция жобасына қатысты айтылып жатқан біраз сындарлы сөздің төркіні тілге тіреліп жатыр. Ұлттық намысы селт етіп оянған халықтың талабы теріс деп, үзілді-кесілді кереғар пікір айтудың жөні жоқ. Бұл тақырыпты жылы жауып қоюға тағы да болмайтын еді. Бірақ қазақта «басқа пәле тілден» деген тағы бір тәмсіл бар. Дауылы дүлей қазіргі қатқыл халықаралық қатынастардың қоршауы мен тәртібі күн сайын қырық құбылған геосаяси әлемде бұл «пәленің» қатерінен сақтана білуіміз керек. Біз әпербақан, әумесір әлдекімдерге білек күшін безейтіндей ел емеспіз. Бізде мемлекетіміздің тәуелсіздігі мен жасампаз болашағы үшін сырттағы соқтықпалы-соқпақты жолды дипломатияның демеуімен және сырбаз саясатпен жүріп өтуден басқа альтернатива жоқ! Жалпыхалықтық талқылауға ұсынылған жаңа Конституция жобасының жалпы саяси сипатын салауатты саралай білген адам оның мазмұны мен мақсаты мемлекеттілікті, қауіпсіздігіміз бен тәуелсіздіктің тұрақтылығын күйттейтін астарлы ишараны түсінсе керек-ті. Үлес салмағы 70 пайыздан асқан халық өзінің тілін өзгеге өктемдікпен емес, сары майға ыстық қасық батырғандай байыппен таңа білу дәл бүгін әлдеқайда ұтымды айла болар еді. Тілді текетірес пен ерегестің қаруына айналдыру бізге әбүйір әпермейді. Өзінің тілін өктемдікпен тықпалаған имансыз идеялар пайда болған заманда есермен егесу естінің ісі болмайды», — деді ол.