2030 жылы әрбір қазақтың жылдық шығыны орта есеппен 440 мың теңгеге артуы мүмкін. Сарапшылардың пікірінше, жаңа президентті үлкен экономикалық және энергетикалық сынақтар күтіп тұр.
Бұл туралы Paida-news.kz ақпараттық порталы Ertenmedia.kz ұсынған дерекке негізделе отырып хабарлайды.
Мұнай-газ саласының маманы Олжас Байділдиновтің пікірінше, алдағы президенттік кезең сын сағаттарға толы болуы мүмкін. Қазақстанда электр энергиясы жетіспейді. Елдегі тұтыну көлемі жаңа станциялардың құрылысынан әлдеқайда жылдам өсіп барады.
Тағы бір мәселе, газ бен мұнай өнімдерін сырттан тасымалдауға тәуелділік те күшейді. Оның үстіне, мұнай мен газ өндірісі төмендеп, бюджеттің кіріс бөлігі азая бастаған. Энергетикадағы осы қиындықтар мұнайдан түсетін салықты да қысқартады. Бұл өзге салалардың да қаржылануын қиындатады.
Сарапшының пікірінше, үшінші президентке осы мәселелермен күресу үшін дайын әрі нақты жоспары бар команда қажет.
Салық реформасы әрбір азаматқа қалай әсер етеді?
2026–2029 жылдарға жоспарланған салық реформасы халыққа қосымша жүк артады. 2026–2027 жылдары бюджетке 5 триллион теңге, ал 2029 жылға қарай 9 триллион теңгеге дейін қосымша қаражат жиналмақ.
Сарапшының есебінше, 2030 жылы әрбір қазақтың жылдық шығыны орта есеппен 440 мың теңгеге артады.
Оның салмағы шағын және орта бизнеске, ірі кәсіпорындарға және қарапайым азаматтарға біркелкі түспейді.
Энергетиканы жаңғырту кімнің есебінен?
Энергетика инфрақұрылымын жаңарту үшін 13 триллион теңге қажет. Байділдиновтің есебі бойынша, осы соманы 15 жылға 10 пайыздық мөлшермен несиеге алсақ, жалпы қайтарылатын қаржы 25,1 триллион теңгеге жетеді. Демек, әрбір азаматтың мойнына шамамен 1,2 миллион теңге қарыз қамыты киіледі.
Өндіріс электр қуатын көбірек тұтынғанымен, 2030–2033 жылдарға қарай халықтың коммуналдық төлемі ай сайын 100–140 мың теңгеге дейін өсуі мүмкін.
Яғни энергетикадағы кішігірім жаңарту шарасының өзі отбасылық бюджетке айтарлықтай салмақ түсіреді.
Әлеуметтік бағдарламалардың болашағы қалай болмақ?
Сарапшы әлеуметтік саладағы қаржының біртіндеп қысқаратынын айтады. Әсіресе медицина мен балаларға арналған білім беру бағдарламаларына бөлінетін қаражат азаюы ықтимал. Дегенмен, Қаржы министрлігі 2028 жылға дейін бюджет әлеуметтік бағытта сақталады деген сенімде.
«Үшінші президент үшін қазірден бастап экономика мен әр сала бойынша білікті команданы жасақтау өте маңызды. Әйтпесе, қиындықтың салмағы жыл өткен сайын ауырлай береді», – деп ескертеді Байділдинов.
Өзгерістер әр отбасының тұрмыс деңгейіне әсер етпек. Салықтың өсуі, коммуналдық тарифтердің көтерілуі және әлеуметтік бағдарламалардың қысқаруы халықтан экономикалық шындыққа бейімделуді талап етеді.
Айта кетелік, бұған дейін біз 2026 жылдың үнсіз келген өзгерістері туралы егжей-тегжейлі жазғанбыз. Биыл ел күтетін жаңалықтың көбі қалтаға салмақ салатын өзгерістер.
