2 C
Almaty
Жұма, 20 Наурыз, 2026

― Advertisement ―

spot_img

«Қырғыздан үлгі алайық»: Тарихшы жаңа Ата заң арқылы ел атауын өзгертуді ұсынды

Тарихшының айтуынша, бұл идея оған жаңа Конституция жобасын оқи бастағанда келген.

«Бүгін жарияланған жаңа Конституция жобасын оқуды бастағанда бірінші ойға келген нәрсе – Қазақ республикасының тарихи атауын қалпына келтірсек деген ой болды!», — деп жазды Шілдебай.

Ол 1920 жылы құрылған Қазақ АКСР-інен бастап 1991 жылға дейін, яғни 71 жыл бойы мемлекет атауында «Қазақ» сөзі болғанын алға тартады. Мысалы, 1936 жылғы Конституция бойынша одақтас республика мәртебесін алғанда да «Қазақ КСР» атауы сақталған.

Алайда тәуелсіздік қарсаңында, 1991 жылы 10 желтоқсанда «Қазақ КСР-ін Қазақстан Республикасы деп өзгерту туралы» заң қабылданған. Шілдебай бұл шешімнің сол кездегі «республиканың ішкі жағдайына байланысты» болғанын еске салды.

Сарапшы көрші Қырғыз Республикасынан үлгі алуға шақырды. Олар 1993 жылы 5 мамырда «Қырғызстан Республикасы» атауын ресми түрде «Қырғыз Республикасы» деп өзгерткен болатын.

«Сондықтан, осы Конституцияны қабылдау арқылы ҚАЗАҚ РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТАРИХИ АТАУЫН ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУ ҚАЖЕТ деген ұсыныс айтамын», — деп түйіндеді тарихшы.

Сәбит Шілдебай жаңа құжатты 1995 жылғы Конституциямен салыстырып оқып болған соң, толық пікірін білдіретінін жеткізді.