Қазақстандық ортопед-травматолог Ерсін Жүнісов Нью-Йорк – Ташкент бағытындағы ұзақ рейс кезінде жолаушыға шұғыл медициналық көмек көрсетіп, оның жағдайын тұрақтандырды.
Бұл туралы Paida-news.kz ақпараттық порталы SMARTNEWS.KZ дерегіне сүйене отырып хабарлайды.
Оқиға ұшақ Арктика үстімен ұшып бара жатқан кезде болған. Дәрігердің айтуынша, ол халықаралық ортопедтер конгресі — AAOS 2026 халықаралық ортопедтер конгресі аяқталғаннан кейін тыныш ұшып жетуді жоспарлаған.
Алайда ұшқаннан кейін шамамен екі жарым сағат өткенде экипаж бортта дәрігер бар-жоғын сұрап хабарландыру жасаған. Ұшақта 246 жолаушы болған. Кейін анықталғандай, сол сәтте борттағы жалғыз дәрігер Жүнісовтың өзі болған. Жас жолаушылардың бірінің жағдайы күрт нашарлаған. Оның жүрек соғысы жиілеп, қан қысымы 150/100 мм сын.бағ. деңгейіне дейін көтерілген.
Ол кезде ұшақ 10 мың метрден астам биіктікте Солтүстік полюс арқылы ұшып бара жатқан. Дәрігер науқастың жағдайын шамамен 10 сағат бойы бақылауда ұстаған. Жолаушының пульсі мен қан қысымы тексеріліп, оттегі берілген, ал басқа жолаушылардағы дәрілердің көмегімен жағдайды тұрақтандыруға тырысқан.
Сонымен қатар ұшақтағы Wi-Fi арқылы ол Астанадағы кардиоаритмолог, профессор Аян Абдрахманов пен байланысқа шыққан.
«Мен науқастың жанында ұшақта болдым, ал ол жерден кеңес беріп отырды. Бір дәрігер аспанда, екіншісі жерде отырып бірге жұмыс істегендей болды», — дейді Жүнісов.
Нәтижесінде жолаушының жағдайы тұрақтандырылып, ұшақ Ташкент әуежайына аман-есен қонған. Қонғаннан кейін әуе кемесінің капитаны қазақстандық дәрігерге 10 мың метрден астам биіктікте көрсеткен көмегі үшін жеке алғыс айтқан.
Ерсін Жүнісов бұл жағдай дәрігер мамандығының жауапкершілігі кез келген жерде жалғасатынын тағы бір рет дәлелдегенін атап өтті.
«Кейде дәрігер болу тек аурухананың қабырғасында ғана емес екенін түсінесің. Бұл мамандық сенімен бірге жүреді — тіпті 10 мың метр биіктікте де», — деді ол.
