«Бұл адамдардың психикалық денсаулығы мен әл-ауқаты күннің уақытына байланысты өзгеруі мүмкін екенін көрсетеді. Орташа есеппен біз таңертең өзімізді жақсы сезінеміз, ал кешке қарай нашарлай береді», — дейді жетекші автор доктор Фейфей Бу.
Сондай-ақ, London Offices мамандары жұмыс тапсырмаларын орындауға ең қолайлы уақытты анықтаған. Олардың мәліметінше, еңбек өнімділігінің шарықтау шегі шамамен сағат 10:30-ға сәйкес келеді. Бұл уақытта адам оянып, сергіп үлгереді, бірақ әлі шаршамайды. Көңіл күйі тұрақты болғандықтан, жұмыс та нәтижелі жүреді.
Дегенмен күннің екінші жартысы толықтай тиімсіз деп айтуға болмайды. Зерттеушілердің айтуынша, шамамен 16:16 кезінде мотивация мен зейіннің тағы бір қысқа мерзімді артуы тіркеледі. Әрине, әр адамның биологиялық ырғағы әртүрлі. Кейбіреулер таңертең барынша өнімді болса, енді бірі кешке қарай белсендірек болады.
Мамандар зейінді сақтаудың басты кілті үзілістерді дұрыс ұйымдастыру екенін айтады. Күні бойы 5 минуттық қысқа үзілістер миға серпін береді. Бұл қысқа серуен, бір шыны кофе ішу немесе жеңіл жаттығу болуы мүмкін. Ең бастысы негізгі жұмыстан аз уақытқа ғана алаңдау.
Сонымен қатар, жайлы жұмыс ортасын қалыптастыру және басымдықтарды нақты белгілеу маңызды. Күндік жоспар құрып, негізгі істерге назар аудару тиімділікті арттырады. Ал телефон мен компьютердегі хабарландыруларды сөндіру сияқты алаңдататын факторларды азайту жұмысқа ден қоюға көмектеседі.
