14 C
Almaty
Сейсенбі, 24 Наурыз, 2026

― Advertisement ―

spot_img

Қазақстанда егіздер саны артып, шала туған сәбилер үлесі азайды — ДСМ

Елімізде 2025 жылы 3 367 егіз және 25 үшем дүние есігін ашқан. Ал 2026 жылдың алғашқы екі айында 224 егіз және 5 үшем өмірге келген. Бұл туралы Денсаулық сақтау министрлігі Kazinform агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді.

Бұл туралы Paida-news.kz ақпараттық порталы ҚазАқпарат дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Бүгінде ана мен бала денсаулығы көрсеткіштерінде де оң динамика байқалады. Мәселен, ұлттық статистика бюросының дерегіне сәйкес елімізде шала туған нәрестелер саны азайып келеді.

— Шала туған нәрестелер үлесі 2023 жылғы 7,3%-дан 2024 жылы 6,2%-ға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіштер ана мен бала денсаулығын қорғау жүйесінде қабылданып жатқан кешенді шаралардың тиімділігін көрсетеді, — деп жазылған ведомство хабарламасында.

Министрліктің мәліметінше, әйелдердің денсаулығын нығайту мақсатында «Аналар саулығы» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Жоба аясында профилактикалық және жүктілікке дейінгі тексерулер, сауықтыру шаралары жүргізіліп, тәуекел факторларын ерте анықтауға бағытталған 15 негізгі зерттеу енгізілген.

— Бүгінде барлық өңірдегі медициналық-санитариялық алғашқы көмек көрсету (МСАК) ұйымдары мен перинаталдық орталықтарда жүкті және босанған әйелдердің психоэмоциялық жағдайын бағалап, психологиялық қолдау көрсететін мамандар жұмыс істейді. Жүктілікке дейінгі және жүктілік кезеңіндегі амбулаториялық көмекті ұйымдастыру үшін МСАК деңгейінде 347, ал облыстық перинаталдық орталықтар деңгейінде 23 әйелдер консультациясы қызмет көрсетеді, — делінген министрліктің ресми жауабында.

Министрлік еліміздің әр өңіріндегі перинаталдық орталықтарды жаңғырту бойынша да арнайы мастер-жоспарларды бекіткен.

— Жаңғыртудың басты мақсаты – кадрлардың біліктілігін арттыру, материалдық-техникалық базаны нығайту және құзыреттілік орталықтарын құру арқылы озық технологияларды өңірлерге енгізу. Бұл шаралар әрбір әйелдің жүктілік пен босану асқынулары қаупіне сәйкес сапалы медициналық көмекке тең қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Жаңғырту аясында перинаталдық орталықтардағы әйелдер консультациялары трансформацияланып, «Салауатты ана» пансионаттары ашылды. Сондай-ақ тренингтік орталықтар құрылып, телемедицина қызметі дамытылуда. Ауылдық жерлердегі жүкті әйелдерге кеңес беру сапасын арттыру үшін «виртуалды аралап қарау» форматы енгізілді, — деп мәлімдейді ведомство.

Сонымен қатар, репродуктивті денсаулықты қолдау бағытында кешенді шаралар қолға алынған. Ведомство дерегіне сәйкес, 2021–2024 жылдар аралығында «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында 28 мыңнан астам пациентке экстракорпоралды ұрықтандыру (ЭКҰ) жасалған. Нәтижесінде 12 мыңнан астам әйел жүктілік бойынша есепке алынып, шамамен 11 мың сәби дүниеге келген.