Отбасы банк Наурыз ипотека бағдарламасының инвесторы болу жолдарын түсіндірді. Бұл туралы Paida-news.kz ақпараттық порталы негізгі дереккөзге сүйене отырып хабарлайды.
2026 жылғы 12 наурызда KASE алаңында Отбасы банкінің әлеуметтік облигацияларын орналастыру бойынша мамандандырылған сауда-саттық өтеді. Оның қорытындысы бойынша банк Наурыз бағдарламасына қатысушыларды несиелендіру үшін 200 млрд теңге тартуды жоспарлап отыр.
Бір облигацияның номиналдық құны 1000 теңге болады. Бағалы қағаздарды орналастыру жоспарланып отырған мөлшерлеме шамамен жылдық 17,5%.
Облигациялардың айналым мерзімі – 5 жыл. Купондық төлемдер жылына 2 рет жүзеге асырылады. Бұл инвесторлар өз салымдары бойынша пайыздық табысты жылына екі рет алады дегенді білдіреді.
Мысалы, сауда қорытындысы бойынша облигацияның мөлшерлемесі 17,5% деңгейінде қалыптасса, инвестор әр 6 ай сайын салынған соманың 8,75%-ын алып отырады.
«…Бұл бағдарламаны біз үшінші жыл қатарынан табысты жүзеге асырып келеміз. Соның нәтижесінде 15 мың қазақстандық қоныс тойын тойлады. Оларға қолжетімді несие беру үшін біз 500 млрд теңге тарттық. Биылдан бастап азаматтарымыз бағдарламаға қатысып қана қоймай, оның инвесторы да бола алады. Біз ішкі үдерістерді жетілдірдік, енді заңды тұлғалармен қатар жеке тұлғалар да облигациялар пакетін сатып ала алады. Бұл қарапайым қазақстандықтарға өз қаражатын сақтап қана қоймай, көбейтуге, сондай-ақ ерекше мұқтаж жандарды қолжетімді тұрғын үймен қамтамасыз ету секілді маңызды әлеуметтік міндетті шешуге үлес қосуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Отбасы банк басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова.
Отбасы банк облигацияларын жеке тұлғалар брокер компаниялар мен олардың мобильді қосымшалары арқылы сатып ала алады.
Ол үшін брокерлердің мобильді қосымшаларында шот ашып, сатып алу үшін шотты толықтырып, Отбасы банк облигацияларын сатып алуға өтінім беру қажет. Әдетте бұл 2026 жылғы 12 наурызға дейін алдын ала жүзеге асырылады. Өтінім берудің нақты соңғы күнін брокерден нақтылаған жөн.
