Мәжіліс «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» заң жобасының жаңа редакциясын және оған ілеспе түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады.
Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай кандидаттарды іріктеу қалай жүргізілетінін, бағдарламаға қатысушылар қайда жүгінетінін, сондай-ақ оларға білім гранттары мен стипендиялар қарастырылған-қарастырылмағанын түсіндірді.
Оың айтуынша, бүгінде елде шамамен 27,5 мың жас мемлекеттік қызметші жұмыс істейді, ал оларды тарту бойынша жүйелі жұмыс 2019 жылдан бері жүргізіліп келеді.
«Біз сингапурлық модельді қолдана отырып, мемлекеттік қызметте жұмыс істегісі келетін, болашағын осы саламен байланыстырғысы келетін жастарды 10–11 сыныптан бастап тартқымыз келеді. Осындай жастарды мектеп қабырғасынан бастап білім гранттары арқылы қабылдаймыз. Мемлекеттік қызметке қандай мамандықтар қажет екенін талдадық. Сол сұранысқа ие мамандықтар бойынша жастарды мектептен бастап бағыттайтын боламыз», — деді Дархан Жазықбай.
Оқуды аяқтағаннан кейін түлектер 2–3 жыл өңірлерде, негізінен ауылдық жерлерде жұмыс істеуге міндетті болады. Кейін олар Мемлекеттік басқару академиясында біліктілігін арттырып, мансабын жалғастыра алады, соның ішінде басшылық қызметтерге де көтерілу мүмкіндігі бар.
