Референдумыңыздан өзгені қайдам, өзім екі-ақ нәрсені түсіндім. Бұл өзі сонша сөз суырып айтатын да мысал емес. Көпе-көрнеу көзге ұрып тұрған дүние.
Бірінші, біздегілер креатив дегенді әсілі түсінбейді. Ал түсінді десең, онысы жұрт жүрегі айнырдай күлкілі қойылым деңгейінен осы уақытқа дейін асса қане?..
Мәселен, «алтын адам» — тарих тәбәрігі, бабалар сыйы. Маңдайға тұтар, таңдайда қастерлеп айтар тауанды ұғым. Өзгеге көрсетер тарихи олжаң, тамырлы мұраң. Оның сақталуы ғана емес, рухани, мәдени, тарихи құнының кіршіксіз сақталуы заңмен қорғалуы тиіс! Оны сайлау мен референдум сайын сайқымазаққа айналдырып қолдаушы қылу – ақымақтық! Ол тарих алдындағы таңдауын көрсетіп қойған «тұлға». Әрі беріден соң оның тарихи символикалық күшін «асыра» пайдалану – санасыздық.
Сіз, айтыңызшы, тарихтың, халықтың ең қастерлі дүниесін бұлай пайдалануға жалпы кім рұқсат берді?! Ертең арысы Күлтегін мен берісі Абылайханға қолдатып қоямыз мына можантопай логикамен. Онсыз да келіп қалдық соған. Бұл – биліктің өз-өзіне, бүгінгі уақыттағы әрекетіне сенімсіздігі. Басқа халықты тартар, ұйытар құндылық таппауы. Халатпен барған әйелді көрсету мен «алтын адамды» «тірілтіп» қатыстыруы креатив болса – біз басқа әлемдеміз онда…
Екіншіден, қай облысқа қандай журналист пресхатшы болып барса сол журналистың сыйласқан, ізеттескен, ниеттескен ортасы жапа-тармағай сол өңірдің әкімін мақтайды. Күні кеше іші өртеніп, сырты түтеп «бір ісі жоқ» деп жүрсе, бүгін іскенше мақтап, көмейіне бірдеңе түскенше жағынуға дайын. «Қол жинап» рейтинг көтеріп беруден де тайынбайды. Өзара «ұйымдасып» сол әкімді БАҚ бетіне баттитады ау келіп. Сонда прицип қайда, Ар қайда әріптестер?!
Бүйткен референдумы мен журналисттеріне болайын!..
