-0.1 C
Almaty
Жұма, 20 Наурыз, 2026

― Advertisement ―

spot_img

Теріге жеріне қарайтын күн артта қалмақ

Қазақстанда тері мен жүн өңдеу саласына қайта назар салмақшы. Бұған Президенттің сыны себеп болған. Бұл туралы Paida-news.kz ақпараттық порталы kursiv.media дерегіне сүйеніп хабарлайды.

Ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров  бұл салаға 9 млрд теңге инвестиция салынып, тері өңдейтін нысандарды қайта қалпына келтіру жоспарланғанын жеткізді.

Былтыр Ақтөбедегі «Қазфелтек» зауытына 5 млрд теңге бөлінген еді. Ол жылына 2.2 мың тонна жүн өңдейді. Тағы бірі – Ақмоладағы «Агро Протеин» кәсіпорны. Нысан теріден азықтық қоспа дайындайды, қуаты жылына 2,4 мың тонна.

«Саланы одан әрі дамыту мақсатында 9,9 млрд теңгеге 8 инвестициялық жоба іске асырылуда. Олар қосымша 1,3 млн тонна өңдеу қуатын енгізетін болады», – дейді ауыл шаруашылық министрі.

9 млрд теңге қаржы қай өңірлерге бөлінеді

Министр айтқан қаржы Тараз, Батыс Қазақстан және Алматы облыстарында жұмыс істеп тұрған нысандарға бөлінбекші.

«Тараз Желатин» – Таразда желатин өндіретін кәсіпорын. Осыдан үш жыл бұрын ашылған. Теріні өңдеп, тамаққа қосатын желатин қоспасын әзірлейді.

«ЭКО Клаб» – Батыс Қазақстан, Жәнібек ауданындағы тері өңдейтін зауыт. Былтыр қыста ашылған кәсіпорын Батыс Қазақстан, Маңғыстау және Атырау өңірлерінен жылқы және сиыр терісін өңдейді, мал азығына қосылатын протеин шығарады. Жоба құны 630 млн теңге деп бағаланған, 20 жұмыс орны ашылуы керек.

«ҚазЖелатин» – Түркістан өңіріндегі желатин өндіретін зауыт. Осыдан алты жыл бұрын ашылған, жылдық қуаты – 7,3 мың тонна. Бұл кәсіпорын да жылқы мен сиыр терісін өңдеп, тамаққа қосатын желатин шығарады.

Бұған дейін осы салада тоқырау байқалған. Кедендік баж енгізілген соң елдегі тері мен жүнді экспорттайтын компаниялар жұмысы тоқтап қалды. Шаруалар шикізатты лақтыруға мәжбүр болды. Сол кезде министр Сапаров теріні елде өңдейтін жаңа кәсіпорындар ашатынын айтқан. Ол тіпті мал терісі мен жүнді далаға лақтырмаңыздар деп сұраған еді.