Қаржы министрлігінің Мемлекеттік кірістер комитеті жұмыс берушімен іс жүзінде еңбек қатынасында болуы мүмкін өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тіркелу жағдайларын талдауды бастады, деп хабарлайды Uchet.kz.
Бұл туралы МКК-нің арнайы салық режимдерін әкімшілендіру басқармасының басшысы Ерқанат Шынберген мәлімдеді.
Оның айтуынша, салық реформасынан кейін ведомство өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың тіркелуін талдай бастады және бұл режим іс жүзінде еңбек қатынастарын рәсімдеу үшін қолданылып жатқан-жатпағанын тексеріп жатыр.
«Мәселе — сіз өзін-өзі жұмыспен қамтыған адам ретінде кімге қызмет көрсететініңізде. Егер сіз қызметті өз жұмыс берушіңізге көрсетсеңіз және онымен еңбек қатынасында болсаңыз, тіпті ресми келісімшарт болмаса да, бірақ бір адамға үнемі қызмет көрсетіп, сол жерде қызметкер сияқты тұрақты жұмыс істесеңіз, онда сұрақтар туындайды», — деді Ерқанат Шынберген.
Қазір МКК мамандары талдау жұмыстарын жүргізіп жатыр, себебі салық жүйесіндегі өзгерістерден кейін тіркелген өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны айтарлықтай артқан.
«Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар көбейді. Біз олардың ішінде кім осы салық режимін дұрыс қолданбай отырғанын талдауымыз керек», — деп түсіндірді комитет өкілі.
Ведомство дерегінше, кейбір компаниялар қызметкерлерін штаттан шығарып, кейін оларды өзін-өзі жұмыспен қамтыған ретінде тіркетіп, бұрынғы жұмыс берушісіне жұмысын жалғастыруына жағдай жасайтыны туралы белгілер тіркеліп жатыр.
«Бұған көз жұма қарауға болмайды, себебі штаттағы қызметкерлері бар компаниялардың салық жүктемесі мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың салық жүктемесінің арасында үлкен айырмашылық бар. Мұнда өте нәзік шекара бар — оның шын мәнінде өзін-өзі жұмыспен қамтығаны ма, әлде қызметкер екені анықталуы керек», — деп атап өтті Ерқанат Шынберген.
Жүргізіліп жатқан талдау қорытындысы бойынша Мемлекеттік кірістер комитеті салық режимдерін қолдану кезіндегі бұзушылықтар үшін жауапкершілікті күшейту жөнінде ұсыныстар дайындауы мүмкін екенін жоққа шығармайды.
Материалды дайындаған: Нарық.кз
