Біз, әсілінде, “Жарты Құдай” деген марапатқа ғана жетпедік. “Жарты Құдай” орденінің иегері!
Айбарлы!
Айбынды!
Ұлт көсемінен де биік!
Қалғанының бәрі бар.
Өз басым “Қайраткерлерімді” сүйемін.
Қалай сүймейін… Олар елін сүйеді. Елін сүйгенді мен де шексіз сүйіп өтем!
Жооо-жооооқ! Қызғаныш жоқ. Қате пайымдап қалмаңыз. Тігісіне су сіңбейтін тығыз, мәнді-мағыналы Ата заңымызды қолдап шыққандар жасасын!
Біздікі — бүгіншілдің бейпілі, Ертеңшілдер жасасын!
Геосаяси шиеленіс заманында не тантып тұрмын мен!?. Қайта сол Ата жазымызды жазып алғанымыз қандай керемет болған… Әйтпесе бүжәй келеді.
Бойда бір жұмбақ үрей бар…
Тұтас төңірегім шиеленісіп тұр!
Шеңбірек атып тұр!
Бұтыма жіберіп қоюға шақ қалып жүрмін.
Оны айтасыз. Зауыт, цехтағы медаль құятын қондырғыларға бір тыным жоқ, қызып кеткен шығар.
Бір күні атылады
Атылса — Атылсын!
Қайта жақсы.
Заманында атом бомбасынан бас тартқан елміз. Тым құрыса қондырғыларымыз қызып кетіп атылсын. Бір жағынан от үрлеген айдаһар мен ақырған аюға қарата айбат шегіп, сес көрсетіп те аламыз.
Дастан Қастай
