«Қазір вице-президент лауазымына кім лайық?» деген сұрақ қоғамда көп талқыға түсуде. Бірі – шынайы өз пайымы мен логикалық тұрғыда ой қорытса, енді бір топ – мінбердегі ұпайы үшін сценарий құрып, қоғамның аузына көмейін жалғап әлек. Қолына түссе қоншынан басар-баспас, ойына алғанын жасар-жасамас. тіпті халыққа қайрылып қайта үміт сыйлар-сыйламас. Әңгіме тіпті онда емес.
Мәселе, аталған лауазымның елге пайдасы, мемлекетке септігі таразыланып жатқан жоқ. Сол себепті, оның қоғам алдындағы алдағы жауапкершілігі мен міндеттеріне қатысты орамды ой мен сындарлы сын-пікір әл-әзірге дейін ұсыныла қоймады.
Осы ретте, сол олқылықты дөп басқан Arasha.kz порталындағы мына бір сауатты пікірді қаз-қалпында назарларыңызға ұсынамыз.
«Вице-президент лауазымы да парламенттің салмағын арттырмайды – Зауреш Батталова

Конституциялық реформа жөніндегі комиссиясының үшінші отырысынан кейін азаматтық қоғам жиында ұсынылған басқару формасын қызу талқылауда. Негізгі бастамалардың қатарында Құрылтайдың рөлі мен оны тарату механизмі, тағайындаулар жүйесі, вице-президент институты мен сайлау мерзімдері, сондай ақ конституциялық сот пен арнайы құқықтық режимдерге қатысты жайттар бар. Комиссия мүшелері бұл жай ғана конституцияға өзгерістер енгізу емес, толығымен оны қайта жазып шығу деп бағалап отыр. Осы тұрғыда тәуелсіз сарапшы, Қазақстандағы парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталованың пікірін білдік.
– Құрылтайға премьер-министр мен вице-президентті бекіту құқығын беру парламентаризмді күшейте ме?
– Жоқ. Қолданыстағы конфигурацияда бұл не премьер-министрге, не вице-президентке қатысты парламентаризмді күшейтпейді. Парламентаризм үкіметтің парламент алдындағы саяси жауапкершілігін білдіреді. Егер мұндай жауапкершілік болмаса, бұл лаазымдарды парламенттің бекітуі тек сыртқы рәсім болып қалады.
Вице-президент лауазымы да парламенттің салмағын арттырмайды: ол Құрылтайға есеп бермейді және президенттік билік тармағына бағынышты. Керісінше, президенттің қолында билік басым болған жағдайда вице-президент қызметін енгізу жауапкершіліктің бөлініп кетуіне, ал парламенттік бақылау болмаса атқарушы вертикальдың күшеюіне алып келуі мүмкін.
– Президенттің негізгі лауазымды тұлғаларды тағайындау құқығының сақталуы институционалдық тәуекелдер тудыра ма?
– Иә, бұл жүйелі институционалдық тәуекелдерге алып келеді. Құқық қорғау органдары, сот жүйесі, қаржылық және конституциялық институттар басшыларын президенттің бір өзі тағайындауы билікті бөлу қағидатына қайшы және тежеу мен тепе-теңдік жүйесін әлсіретеді. Мұндай жағдайда аталған институттардың тәуелсіздігі формалды сипатқа ие болып, басқару моделі суперпрезиденттік белгілерін сақтап қалады.
– Тағайындауларды екінші рет келіспеген жағдайда Құрылтайды тарату тетігі не үшін енгізілді?
– Мазмұны жағынан бұл қысым тетігі болуы мүмкін. Құрылтайдың Президентке қатысты симметриялы қарсы өкілеттіктері жоқ. Тағайындауларға келіспегені үшін тарату қаупі парламентті саяси диалог арқылы емес, институционалдық мәжбүрлеу арқылы «тәртіпке келтіреді». Бұл оның өкілдік функциясын әлсіретеді.
– Президент сайлауын тағайындау нормасынан нақты күнтізбелік мерзімдерді алып тастау шешімін қалай бағалайсыз?
– Теріс бағалаймыз. Нақты мерзімдердің болмауы құқықтық айқындықты және сайлау процесінің болжамдылығын төмендетеді, биліктің дискрециялық өкілеттігін кеңейтеді және саяси бәсекелестіктің тең шарттарын нашарлатады. Бұл сайлау өткізудің негізгі демократиялық стандарттарына қайшы.
– Комиссияда қаралған ұсыныстар Қазақстанды қандай басқару формасына жақындатады?
– Бұл жаңғыртылған суперпрезиденттік модельге жақындатады. Өкілеттіктерді қайта бөлу элементтері сырттай көрінгенімен, негізгі саяси бақылау президент институтының қолында қала бермек. Парламент саяси жауапкершілік орталығына айналмайды, ал тәуелсіз институттар нақты автономияға ие болмайды. Бұл – басқару моделін өзгерту емес, оны жаңа риторикаға бейімдеу.
– Қазіргі реформаларда қайсысы басым – жеделдік пе, әлде легитимдік пе?
– Жеделдік басым дер едім. Себебі реформалар жедел режимде, қоғамдық талқылау шектеулі жағдайда, сарапшылар мен азаматтық қоғамның қатысуынсыз жүзеге асырылуда. Бұл олардың легитимдігін әлсіретіп, институционалдық өзгерістердің ұзақ мерзімді тұрақтылығына күмән тудырады. Демек, ұсынылып отырған өзгерістер нақты парламентаризмді қалыптастырмайды, билік тармақтары арасындағы тепе-теңдікті қамтамасыз етпейді және басқарудың персоналистік логикасын сақтайды. Саяси жауапкершілік қайта бөлінбейінше, парламенттік реформа декларативті сипатта қалу қаупі жоғары.
