2 C
Almaty
Жұма, 20 Наурыз, 2026

― Advertisement ―

spot_img

ЖАНТАС пен ЖАНАР (болған оқиға) — Сәкен Сыбанбай

(болған оқиға)
Жақын досымыздың бірі Түркістанға туысқан інісінің үйлену тойына барып келді.
Ол бауырын біз де жақсы білетінбіз: мединститутта оқыды, досымыздың үйіне жиі келіп тұрушы еді. Есімі – Жантас. «Менің атым Қожадағы» аттасына байланысты талай мазаққа қалып жүретін-ді. Алайда өзі аса фильм кейіпкеріне ұқсай бермейтін, дабырлап сөйлеп қалған, әзілкеш жігіт. Таңдаған жары да түбі түркістандық болып шықты, бірақ ата-анасы сонау 2004 жылы-ақ Алматыға қоныс аударыпты. Ол кезде болашақ келін небәрі 4 жаста болса керек.
Бір қызығы, қыздың есімі… Жанар екен! Фильмде де Жантас үнемі айналсоқтап Жанардың жанынан шықпаушы еді ғой!
– Дегенмен қызықтың көкесі бұл емес, – дейді досымыз тойдың жай-жапсарын әңгімелеп отырып. – Әуелде жастар өздерінің көңіл қосқанын ата-аналарына жеткізгенде, үлкендердің тек тергеп, әріден сұрастыратыны бар ғой. Сондай кезде Жантас өз әке-шешесіне болашақ құдаларының да түбі түркістандық екенін айтуды ұмытып кетсе керек. Кейін тереңірек танысу үстінде қос құдағи бірін-бірі бұрыннан білетіндей әсерде екенін, алайда қайда танысып, қандай байланыста болғанын естеріне түсіре алмай отырғанын айтып қалыпты. Әңгіме барысында балаларының бір жылы дүниеге келгені, тіпті туған күндерінің де шамалас (Жантастікі 4 ақпан, Жанардікі 5-і) екені де сөз болған дейді. Ақыры қыздың шешесі «Жанарды 2000 жылы Түркістанда босанғам» деп қалған екен, менің жеңгем дереу бәрін есіне түсіріпті. Сөйтсе, бұлар сол кезде бір перзентханада, бір палатада жатқан екен! О заманда әйелдерді қазіргідей босанған күннің ертесінде-ақ шығарып жібермейтін болса керек, екеуі бір аптадай бірге жатқандықтан әжептәуір сөйлесіп, жақындасып қалғанға ұқсайды. Тіпті бірінікі – ұл, екіншісінікі – қыз болған соң, әзіл-шынын араластырып, «құда болайық» дескен де көрінеді! Көрдіңдер ме, періште «әумин» десе, өмірде бәрі мүмкін!
Дейді досымыз.
Досымыз баяндаған хикая – расында да, таң қаларлық жайт. Кездейсоқтық па, әлде Жаратқанның өзі әдейі иіп әкеліп отырған жарасымды сәйкестік пе – ол жағын білу бізге бұйырмаған. Әйтеуір бұдан 25 жыл бұрын әзілдеп болсын, шындап болсын, ізгі ниетпен атастырылған қос періштенің екі миллион тұрғыны, оның сан мыңдаған студенті бар Алматыдай алып шаһарда бірін-бірі адаспай табуы тегін нәрсе емес екені анық. Әйтпесе Жантасқа басқа қыз табылмай қалып па? Жанардың жүрегін жаулар өзге жігіт жоқ па екен?
Бір қызығы, олар сәби кезінде бір-біріне «атастырылғандарын» да, тіпті шешелерінің бір перзентханада, бір палатада жатқанын да білмеген.
Білудің де қажеті болмаған шығар, сірә. Өйткені оларды Тәңірдің өзі табыстырғалы тұр еді…
АЛДАҒЫ КҮННЕН ҮМІТ ҮЗБЕЙТІН АҒАЙЫН, КІРІП КЕЛЕ ЖАТҚАН ЖЫЛ БАРШАҢЫЗҒА ЖАҚСЫ ЖАҢАЛЫҚТАР мен ТАҢҒАЛАРЛЫҚ ТОСЫН СЫЙЛАР ТАРТУ ЕТСІН!
Сәкен Сыбанбай