Би адамның денсаулығына оң әсер ететіні бұрыннан белгілі. Қазіргі таңда дәрігерлер би терапиясын түрлі ауруларды емдеуде кеңінен қолдануда, деп жазады Ertenmedia.kz.
Мамандардың айтуынша, би тек қозғалыс емес, ол эмоция мен энергияның үйлесімі. Қала өміріндегі күйбең тірлік, стресс пен қозғалыстың аздығы көптеген аурудың негізгі себебі саналады. Ал би осы факторлардың орнын толтырып, ағзаға жан-жақты әсер етеді.
Би кезінде адам денесі толық қозғалысқа түседі. Бұлшықеттер жұмыс істейді, жүрек-қантамыр жүйесі жаттығады, тыныс алу жақсарады. Қан айналымы күшейіп, ағза оттегімен жақсы қанығады. Соның нәтижесінде бас ауруы азайып, иммунитет артады, жалпы сергектік пайда болады.
Би артық салмақтан арылуға да көмектеседі. Әсіресе латынамерикалық бағыттағы билер жоғары қарқынмен орындалып, аяқ, іш және жамбас бұлшықеттерін жақсы жаттықтырады. Мұндай қозғалыстар дене бітімін қалыпқа келтіруге ықпал етеді.
Дене қалпын түзету тұрғысынан да би тиімді. Классикалық бальные билер адамды тік жүруге, иықты түзу ұстауға үйретеді. Уақыт өте келе дұрыс қалып табиғи дағдыға айналады.
Әйелдер үшін belly-yoga сияқты бағыттар ерекше пайдалы. Бұл әдіс йога мен шығыс биінің элементтерін біріктіреді. Ол буындардың икемділігін арттырып, омыртқаға түсетін жүктемені азайтады. Сонымен қатар ішкі ағзалардың жұмысын жақсартып, жалпы дене серпінділігін арттырады.
Бидің психологиялық әсері де маңызды. Ол күйзелісті азайтып, адамның ішкі қысымын босатады. Көп жағдайда аурулардың психосоматикалық себептері болады. Би сол эмоционалдық жүктемені жеңілдетуге көмектеседі. Би адамды еркін қозғалып, өзін сенімді сезінуге үйретеді. Ол комплекстерден арылуға, эмоцияны дұрыс жеткізуге және өз денесін қабылдауға көмектеседі.
Сонымен қатар әр би түрінің өз ерекшелігі бар. Мысалы, импровизациялық билер шығармашылықты дамытады. Аргентиналық танго адамдар арасындағы үйлесімділікті, сенімділікті қалыптастырады. Ал жұптық билер қарым-қатынасты нығайтуға ықпал етеді.
Мамандар би үйренуді кез келген жаста бастауға болатынын айтады. Ең бастысы өзіңізге ұнайтын бағытты таңдап, тұрақты түрде айналысу. Қарапайым айтқанда, би денені ғана емес, жанды да сауықтыратын құрал.
Айтқандай, мамандар сайтымызға диета ұстамай-ақ арықтау үшін калорияның дұрыс есептеу керектігін алға тартты.
