7 C
Almaty
Жұма, 20 Наурыз, 2026

― Advertisement ―

spot_img

Саяси тапсырыс па, әлде шынымен кінәлі ме? Боқаевтың адвокаты айыптауларға жауап берді – эксклюзив

Санжар Боқаевтың ісі біртіндеп жаңа деректермен толығып жатыр. Ulysmedia.kz әлеуметтік желілерде фактілерді бұрмалады деп айыпталған қоғам белсендісі әрі блогердің қорғаушысы Диас Ахметовпен, сондай-ақ құқық қорғаушы Евгений Жовтиспен сөйлесті.

Бұл туралы Paida-news.kz ақпараттық порталы Ulysmedia.kz дерегін қаз-қалпында ұсына отырып  хабарлайды.

АТАЛҒАН РЕДАКЦИЯ ҰСЫНҒАН ТОЛЫҚ МӘТІН ТӨМЕНДЕГІДЕЙ:

Іс бойынша қазір не анықталды, тараптар не дейді және бұл оқиға неге барған сайын көп сұрақ туғызып отыр, зерттеу материалымызда біз осыған тоқталайық.

Екіұшты сценарий

Күні кеше Ахиддин Хамракулов есімді ер адамның видеосы тарады. Ол полиция қызметкерлері өзін Боқаевқа қарсы жауап беруге мәжбүрлеу үшін қысым көрсетіп, тіпті ұрып-соққанын айтты. Кейін әлеуметтік желілерде Хамракулов мүлде басқа нәрсе айтқан тағы бір видео пайда болды. Онда ол әлгі «әшкерелеу» түсірілімдеріне өзі қатысқанын, мұның бәрін Боқаевтың нұсқауымен істегенін жеткізеді. Яғни, әуелі, «мені ұрып, мәжбүрледі» десе, кейін «бәрі сценарий бойынша болды» деп отыр. Ахиддин бір кезде Боқаевты қорғап жүрген адвокат Диас Ахметов өзін азаптау туралы айтуға көндірді деп те мәлімдеді. Бас прокуратура бұл мәселеге қатысты ресми ұстанымын да жариялап үлгерді. Онда блогер ағаш кесуді және ұрлықты видеоға түсіру үшін өзі ұйымдастырған болуы мүмкін екені айтылған, бұған қоса оны ірі көлемдегі алаяқтық жасады деп күдік келтіріп отыр. Адвокат Диас Ахметов Ulysmedia.kz-ке берген сұқбатында бұл мәлімдемелерді жала деп атап, Хамракуловты жауапқа тартуға күш салатынын айтты. Оның сөзінше, видеода әлгі азамат айтқан әрекеттерге оның еш қатысы жоқ.

– Қазір мен осы адамға (Хамракуловқа – ред.) қатысты бөлек талап-арыз түсіремін, сондай-ақ жала жабу фактісі бойынша да арыз жазамын. Өйткені Санжар мені Хамракулов видеода айтып отырған нәрселерге мүлде жұмсаған жоқ, – деді заңгер.

Саяси қудалау ма?

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис Ulysmedia.kz-ке өз көзқарасын білдіріп, билікті ашық сынайтын адамдарға қарсы қозғалған істер көбіне саяси астары болуы мүмкін оқиға ретінде қабылданатынын атап өтті. Алайда бұл олардың автоматты түрде кінәсіз екенін білдірмейді, себебі белсенділер де, блогерлер де «қол сұғылмайтын» санатқа жатпайды және егер қылмыс жасағаны дәлелденсе, жауап беруі тиіс. Жовтистің айтуынша, басты мәселе – тараптар арасындағы тепе-теңдіктің жоқтығы. Айыптаулар қазірдің өзінде жария етілді, ал Боқаевтың өзі мен оны қорғаушы тараптың ұстанымы әлі белгісіз күйде қалып отыр. Тергеу құпиясы жағдайында бұл теңсіздік тудырып, сенімсіздікті күшейтеді.

– Боқаевтың видеолары қолдан ұйымдастырылған дүние болды дегенге сену маған қиын. Теория жүзінде мұндай нәрсені жасауға болады, бірақ бұл өте қауіпті. Бұл – түбі әшкере болуы ықтимал авантюра. Біз оппозиция өкілдері мен азаматтық белсенділерге қарсы арандатулардың бірнеше рет болғанын жақсы білеміз, сондықтан мұнда да саяси технологиялардың қолданылуын жоққа шығаруға болмайды. Қазір тек жорамал жасауға ғана болады. Бірақ екі негізгі талап бар. Біріншісі – адамға әділ сотқа қолжетімділік құқығы берілуі керек. Екіншісі – процесте саяси астар бар деген күдік болмауы тиіс. Егер осы талаптар орындалмаса, қоғам мұны әділдік емес, сын айтқаны үшін қудалау ретінде қабылдайды, – дейді құқық қорғаушы.

Соңғы жылдары саяси белсенділік күшейетін кезеңдерде қоғамдық кеңістікке қысымның арта түсетін үрдісі байқалады. Құқық қорғаушының айтуынша, Боқаев төңірегіндегі жағдай да осы тұрғыдан қосымша сұрақтар тудырмай қоймайды.

– Тағы бір жайт бар. Біз сайлау алдындағы кезеңдерде немесе ірі саяси процестер қарсаңында осындай тізеге салу әрекеттерінің болатынын көптен бері байқап жүрміз. Бұл – бәрі тыныш  өтуі үшін жасалатын өзінше бір алдын алу шарасы. Мұндай жағдайда билік кеңістікті толық бақылауда ұстауға тырысады және ол елімізде бірінші рет болып отырған жоқ. Сондықтан мұндай сәйкестіктер әрдайым сұрақ туғызады, – деді Жовтис.

Билік баспалдақтары және шегініс

Санжар Боқаев бүгін ғана аспаннан салбырап түскен блогер емес. Оның мансабы бұған дейін мемлекеттік құрылымдармен және өткен жылдардағы саяси элитамен тығыз байланысты болған. Ол президент жанындағы сараптамалық институтта еңбек етіп, Алматы әкімдігінде жұмыс істеді және «Нұр Отан» партиясымен (қазіргі «Аманат») байланысы болды. Сондай-ақ оны Дариға Назарбаевамен де байланыстырған. Әңгіме бұқаралық ақпарат құралдары оның күйеуі деп атайтын, бірақ ресми түрде расталмаған ақпарат бойынша, бизнесмен Қайрат Шәріпбаевпен байланысты жобалар туралы болған. Кейін Боқаев мемлекеттік құрылымдардан кетіп, саясатта өзін сынап көрмек болды. Ол «Намыс» партиясын құрғысы келді, бірақ оны тіркемей қойды. Осыдан кейін ол белсенділігін әлеуметтік желілерде көрсете бастады. Содан бері ол утильалым, бюджет шығындары, бордюрлерді қайта-қайта ауыстыру, ағаш кесу секілді резонанс тудыратын тақырыптарды көтерді. Оның видеолары миллиондаған қаралым жинап, уақыт өте келе ол билікті ашық сынайтын көзге түсер тұлғалардың біріне айналды. 2026 жылдың басында Боқаев ақпарат алаңынан кенет жоғалып кетті, кейін АҚШ-қа кеткенін хабарлады. Оның не себепті Қазақстанға қайта оралуға шешім қабылдағаны белгісіз.

Мүмкіндік бола ма?

Мұнан арғысы істің қаншалық ашық өтетініне және екінші тарап – Боқаевтың өзіне және оны қорғаушыларға байланысты. Оған өзіне тағылған айыптарға толыққанды жауап беруге мүмкіндік беріле ме, бұл да мәселенің ақ-қарасын анықтауға көмектеседі. Егер мұндай ауыр айыптауларға қарамастан, бәрі жабық форматта өтсе, бұл сөзсіз сұрақ туғызады. Адамдар процестің қалай жүріп жатқанына ғана емес, айыптаулардың қаншалық негізді әрі шынайы екеніне де күмәндана бастайды.