Айнұр ханым, сәлеметсіз бе! Сізбен кезекті әңгімемді сұхбат ретінде жалғастырып отырғаныма қуаныштымын. Өзімнің де ұлым сіздің қабылдауыңызда болып, жақсы нәтижемен жазылып шыққанын айта кеткім келеді. Әуелгі сұрақты да осы төңіректе қойғым келіп отыр. Cіздердің бұл өзгеше емдеу әдістеріңіз халық арасында қаншалықты мойындалып келеді?
− Мен де қуаныштымын! Ел арасында жақсы мойындала бастағанын дәрігерлер остеопат сеансын алуға кеңес бере бастағанда байқадым. Бұрын біздің саланы тек невролог пен невропатолог мамандар ұсынса, қазір тіпті «Офтальмолог дәрігер жіберді» деп келетін пациенттер бар. Мысалы, остеопат мамандарын оқытқанда қылилықпен, ассигматизммен жұмыс істеуді үйретеді. Себебі ол көз айналасындағы бұлшық еттердің босаңсып кетуінен болады. Соны жақсы білетін окулист, офтальмологтың ұсынысымен келіп жатқанда қуанып қаламын. Сондай-ақ, травматолог мамандары да остеопатияны ұсынып жатады.
«КҮМӘНДІ ЕМДЕУГЕ БАС СҰҚҚЫМ КЕЛМЕЙДІ»
− Осынша пайдалы, сұраныс күн санап артып келе жатқан бағыттың медицина ретінде ресми қабылданбай отырғанына не себеп деп ойлайсыз? Бұл тек бізде ме әлде басқа да мемлекеттерде солай мойындалмай жатыр ма?
− Сұрағыңыз расында мені де ойландырады. Әзірге не себепті екенін білмедім. Бізден өзге дамыған мемлекеттердің бәрінде остеопатия медицинаға жатады. Мәселен, ТМД елдері болсын, Жапония, АҚШ, тіпті Ресейдің медициналық жоғары білім беретін оқу орындарында остеопат маманын алып шығуға мүмкіндік жасалған. Демек, мамандық ретінде оқытылған дүниенің ел медицинасында да өз орны бар деуге болады.
− «Орыны» дегеннен шығады. Менің таңғалғаным, осы уақытқа дейін балалар массажын меңгерген, мықты мамандардың бірі дейтіндей өз орныңыз бар. Осыған дейінгі әңгімемізде соңғы 11 жыл ішінде 35 000-ға жуық сәбиге массаж жасаппын деп қалдыңыз. Бұл цифрда оңай еңбек, аз тер жатпағаны анық. Менің білгім келгені осынша уақыт массаж саласында тұрақты еңбек ете жүріп, былайғы жұрт санасына сіңе қоймаған остеопатияға келуге не себеп болды? Әлде бұл екі саланың қандай да бір байланысы бар ма?
− Әдетте балалар массажында ем ұзақ уақыт жүреді. Көп жағдайда бір курс массаждан жазылып кетпейді. Тағы қосымша біраз уақытқа массаж алуға тура келіп жатады. Бұндай кезде ата-ананың, соның ішінде ақшасын ептеп жеткізіп отырған жас отбасылардың уақыты мен қаржылық жағдайын да аяп кетесің. Оның өзіңе де салмағы түсіп жатады. Себебі, баласы үшін қиналған әке-шешенің көңіл-күйі белгілі мөлшерде ет пен теріден жаралған сенің де жүрегіңнен өтетіні рас. Сол кезде қысқа уақыт аралығында нәтиже беретін, 2-3 сеанста балаға да еш ауыртпалықсыз жасалатын емдеу жолы болса ғой деп ойлайтынмын.
Әлі есімде. 2016-2018 жылдар аралығында сөйлеуі кешеуілдеген балалар, ЗРРР, ЗПР диагноздары пайда бола бастады. Невропатолог мамандар ол кезде остеопатияны емес, балалар массажын тағайындайтын. Мойын мен иық аралығы аймағына массаж алуға балалар келеді, қанша жасасам да нәтиже мәз емес болатын. Бұл ретте мүмкін логомассаж көмектесетін шығар деп оны да оқып келдім. Ауыз қуысымен, тілімен, ұртымен жұмыс жасағанда бала мазасызданып жылайды. Кішкентай дүние көрінгенмен ол да жаныңызды ауыртатын жағдай.
Дәл осындай күндердің бірінде миыма алғашқы «сигнал» түскендей болды. Маған массаж жасатып жүрген бір ата-ана остеопат маманға барып келгендерін, ол жақтағы емнен оң нәтиже көргенін айтты. Сол сәттен бастап тура үш жыл остеопатия саласын зерттей бастадым. Ондағы мақсатым, әуелі сала туралы қанығып алу. Мен үшін бұл медицина саласы болғаны маңызды еді. Себебі күмәнді емдеу жолдарына тіпті бас сұққым келмейді.
«МЕНІҢШЕ СІЗ БАҚСЫСЫЗ»
− Сонда бұл бағыттың медицина саласы екеніне көзіңіз жеткен болып тұр ғой? Жалпы, ауырмай-сырқамай профилактика мақсатында сеанс алуға келетіндер бар ма бізде?
− Иә, көзім толық жетті деуіме болады. Шетелде әлдеқашан мойындалып, жоғары оқу орындарында арнайы мамандық ретінде оқытылады. Соны байқаған көзі ашық адамдар қазір сіз сұраған профилактика мәселесіне де мән бере бастады. Негізі жарты жылда бір мәрте өз өн-бойына түзету жасатып тұру керек. Құлау, соққы алу, стресс, суық тию және қабыну бұлшық еттердегі түйін, қысылуларды туғызып, шандырға зақым тигізеді. Осы аталған жағдайлардың бірін басыңыздан өткерсеңіз міндетті түрде остеопат маманға жүгіну керек. Кейбір пациенттерім сенастан соң «аяғымды сезбей тұрмын» деп жатады. Бұрын аяғын бұлшық еттегі түйіндер, ауырлық арқылы ғана сезініп келген ғой. Оның бәрі тарқағанда жеңілдегені сонша, аяғының бар екенін сезінбей қалады.
− Қандай керемет! Ал ел арасындағы остеопатия туралы ең жиі кездесетін қате пікір, бүгінгі тілмен айтқанда «хейт» қандай?
− Көпшілігі мені бақсы деп ойлайды (бірге күлуге тура келді). Мысалы бүгін қабылдаған пациентім де сенбей кетті. Себебі, шандырды ұстап сезу арқылы ауырған жерін дәл айтамын. «Бұлай дәл тауып айту бәрінің қолынан келе бермейді, меніңше сіз бақсысыз» деп кетті соңында.
Бұндайда ақталудың да қажеті болмайды. Ең басты мақсатың тура диагноз қойып, дұрыс емдеу болатын болса оны орындап жүрсің деген сөз. Ал емделуші емдеудің ғылыми тәсілімен ми ауыртқысы келмейтіні, ол туралы құлаш-құлаш ақпараттың оларға қажеті шамалы екені де анық дүние. Ондай жағдайда маған «бақсы» десе де ренжімеймін.
− Қайдан білесіз, мүмкін сізге тылсым күш не қасиет берілген болар?
− Жоқ, оны расымен де ұстап сезіп анықтаймын. Остеопатияны оқытқан дәрігер де осы тұсымды ерекшелеп атаған еді. «Қолыңыздың сезімталдығы өте жоғары екен, осыған дейін немен айналыстыңыз?» деген еді. Массажист екенімді айтқанда «Бәсе!» деп таңырқағаны бар. Біз 64 адам болып білім алдық. Сол кезде дәрігер «Осы жерде отырғандардың 80%-ы интуиция арқылы не пациенттің шағымы арқылы ғана жұмыс жасайды» деген еді. Мәселен, белі ауыратын адам омыртқа, жамбаста проблема бар деп ойлап келуі мүмкін. Ал белдің ауруы тек сол аймаққа ғана қатысты емес. Ұстап көрсем омыртқасы түзу. Шалқадан жатқызып басқа да дене мүшелеріне диагноз жасағанда бауырда мәселе бар боп шығады. Сол бауыр маңайын емдегенде, бел де ауырғанын тоқтатады. Міне, остеопатия осындай қызық сала.
«УАҚЫТЫМЫЗДЫ БОСҚА ЖОҒАЛТПАЙЫҚШЫ»
− Шынында қызық екен. Сіздің тәжірибеде өзіңіз нәтиже күте қоймаған, бірақ үлкен оң өзгеріс көрсеткен ерекше сеанстар болды ма?
− Сондай екі жағдайды анық еске түсіре аламын. Бірде тобығын шығарып алған ата келді. Тобығын орнына салғанымен, ісігі, ауырсынуы басылмай жүр екен. Бұл остеопатиядағы практикамның алғашқы кезеңдері болғандықтан толық емдеп беретініме сәл сенімсіздеу едім. Ұстап көрсем, екі тобығы екі түрлі. «Енді келмей-ақ қойыңыз» деп айтайын десем үлкен кісінің көңілін қайтарудан ұялдым. Алғашқы емнің ертесі ата қайтадан телефон шалып: «Қызым, енді қашан келейін?» дейді. Сонымен ұялғанымнан қабылдай бердім. Алғашқы сеанста күрсіне беретінін байқадым. Кейінгі күндерде мүлдем күрсінбеді. Кеуде қуысында қысылу бар еді, соны ашқан соң күрсінгенін қойып кетті. Сөйткен атамыз үшінші сеансқа таяққа сүйенбей келді. Ісігі қайтып, аяғы жазылып кеткені бар. Шыны керек қатты қуандым. Бұл жерде үлкен кісінің сенімі мен ниетінің тазалығы да септескен шығар деп ойлаймын.
Үміт пен күдік күрескен келесі бір оқиға жақында болды. Бір әйел хабарласып: «3,5 жасқа келген балам бар, әлі сөйлемейді. Егер көмектесе алсаңыз ғана қабылдаңыз, әйтпесе уақытымызды босқа жоғалтпайықшы» деді. Бірден диагностикаға шақырдым. Балада түсінік жоқ, мүлдем сөйлемейді, атын атасаң қарамайды. Қарапайым «отыр, тұр» деген сөзді түсінбейді, орындамайды. Айтарға болмаса ширыққан анасының сөзінен жауапкершіліктің салмағын түсініп тұрдым. Қойған диагноздан соң бірден емделуге жазылды. Алғашқы сеанста анасы «Білесіз бе, диагностикадан кейін-ақ баладағы оң өзгерістерді байқадық» дегенде қатты қуандым, сол сәтте көңіл күйім сондай көтеріңкі болды. Остеопатияда жақсы көңіл күймен отырып қабылдау өте маңызды. Ем аяқталған соң балақайға қарап «Қайсар!» деп атын атап едім, қарады. «Покааа!» деп едім, маған жауап ретінде ол да «Пока!» деп қолын бұлғап ишара білдірді. Әкесі мен анасы тіпті жылап жіберді. Оларға қарап менің де көңілім босады сонда. Бір жарым жыл ішінде апармаған жері қалмаған. Маған да ескертіп айтқаны сол екен, «Жарты жыл ғана уақытымыз бар түзетіп алуға, одан кейін кеш болады» деген еді. Расында, 4 жастан кейін түзетілген балада бәрібір дамуындағы кешеуілдеудің бір ізі қалады. Толық түзетіп жіберу қиын еді. Ал қазір баланың жағдайы жақсы. Анасының айтуынша қоршаған ортамен, балалармен коммуникация пайда болған. Бұрынғыдай үйден тыс жерге барғанда тоқтаусыз жылауын да доғарыпты. Енді толық курс ретінде тағы 6 сеанс алуды ұсындым. Жақында қайта қабылдаймын.
«МЕНІҢ ҚҰПИЯМ СОЛ ЖЕРДЕ ЖАТЫР»
− Остеопатияның тағы қандай біз білмейтін «қабілеті» бар?
− «Қабілеті» дейсіз бе? Расында қабілеті дейтіндей қызық ерекшеліктер көп бұл салада. Содан ғой «бақсы» атанып жүргенім (тағы еріксіз жымидық). Мына қызықты қараңызшы, остеопатия арқылы адамның нені көп мөлшерде тұтынатынын білуге болады. Ол үшін қолды арқаға салып, адамды шалқадан жатқызғанда саусаққа көп ине тигендей сезілсе, ол адам қантты көп тұтынады деген сөз. Сол сияқты былқылдап, қамыр сияқты сезілсе оның ағзасында глютен көп, ұн тағамдарын жиі тұтынады. Ал піскен сүттің бетіндегі жұқа қаймағы сияқты сезілсе ол адам сүт өнімдерін жақсы көреді. Соған сай пациенттеріме не жейтінін айтсам, «қайдан біліп қойдыңыз?» деп таңданып жатады.
− Қызық екен. «Не жесең соған айналасың» деген сөз рас болғаны ғой.
− Дәл солай!
− Сіздің ойыңызша адам қай жаман әдетінен тиылса, денсаулығы жақсарып кетер еді?
− Қозғалыссыз өмір салтын сызып тастаса жетеді. Таза ауа және қозғалыс балансын ұстанған адамның денсаулығында ақау болмас еді. бір кітап жайлы айтқым келеді.
«Икигай: секрет долгой и счастливой жизни» деген жапон халқының ұстанымына негізделген кітап бар. Біраз адам оқыған да болар. Өзім сол кітапты оқуға кеңес берер едім. Мен үшін өмірді өзгертудің барлық құпиясы сол жерде жазылған. Тіпті бүгінгі Айнұрдың кешегі Айнұрдан басқа табысты, ерік-жігері еркін адамға айналуының да құпиясы сол жерде жатыр.
− Жақсы еске салдыңыз. Менің де осы тақырыпқа қарай ойысқым келіп отыр еді. Айнұр ханым, бүгінгі сұхбатта остеопатия, денсаулық тақырыбынан бөлек сіздің жеке тұлғалық қасиеттеріңіз туралы ашқым келіп отыр. Біраз жанға мотиватор, дисциплинаға берік үлгілі жан ретінде танылып келесіз. Осылай әдет қалыптастыруды қай кезде қолға алдыңыз?
− Сізге бір қызық оқиға айтып берейін. Әрі құрбым, әрі әпкем болып келетін жақыным бар. Бала кезден бірге өстік, сырымыз да бір еді. Тұңғышымды өмірге әкеліп, декреттік демалыста жүргенде үйге келді. «Айнұр, білесің бе жаңа көршілер көшіп келіпті. Қызын көрсең ғой, сондай жан жақты, қай тақырыпта әңгімелессең де сайрап тұр. Онымен әңгімелесу сондай қызық. Ал сен екеуміз ше, бала тақырыбынан әрі аспаймыз ғой» деді. Менің ішімде бір ұшқын пайда болды. Ренжіген де, ашуланған да жоқпын. Бар болғаны үйге асықтым. Үйге келе салып интернетке «Өзімді қалай дамытсам болады?» деген сұрау тастадым. Іздеу нәтижесінде көрсетілген кітаптардың бірі Хэлл Элродтың «Магия утра» кітабы еді. Сол кітаптың өміріме енгізген пайдасы зор. Таңда адам санасы ұйқыда, ал түпсана ояу болады екен. Сол кезде көбірек ойлансаңыз ешкім мазаламайтын тыныштықта небір идеялар келеді. Қазір не жасап жүрмін, қолымда не бар соның барлығы бір кездері таңда туған идеяларым еді. Міне, үздіксіз ерте оянып келе жатқаныма 10 жыл болды.
− Қазіргі іскер топ өкілдерінің көбі ұстанатын жапондықтардың икигайы туралы айтып қалдыңыз. Қай ұстанымын өзіңізге жақын көресіз?
− Жапон халқы табиғатынан еңбекқор. Ұзақ өмір сүреді. Кейбіреулер «климатынан ғой» деп жатады. Одан емес. Олар топырақпен көп жұмыс жасайды. Бір кітапты оқыған соң арнайы түрде саяжай сатып алған қазақты көрдіңіз бе, көрмесеңіз ол кісі қазір алдыңызда отыр (өзіне жарасымды күлді). Адам ұзақ ғұмыр жасауы үшін топырақпен жұмыс жасауы керек екен. Себебі адам топырақтан жаралған, сол сияқты топырақтан энергия алады. Екінші ұстанымы, ұнамаған адамдармен араласпа дейді. Оны психология емес, физиология тұрғысынан қарастырады. Себебі сіз өзіңіз ұнатпаған адаммен байланысқа түскенде денеңіз бейсаналы түрде тырысады екен. Соның салдарынан гормондар ойнайды, гормоналдық бұзылыстар болады. Осындай қағидалардан бөлек бүгінде таза ауа, тамақты аз тұтыну, суды көп ішу сияқты базалық ережелерді ұстанамын. Ал аталға күншығыс халқында бұндай ұсақ дүниенің өзі маңызды. Олар икигайдың бес тірегінің бірі ретінде ұсақ өзгеріс, табиғи ұсақ құндылықтардың маңызын бағалайды.
«БІЗДІҢ БІР БОЙЫМЫЗДА БІРНЕШЕ РӨЛ БАР»
− Көп аналардың көкейінде жүретін бір сауалды қояйыншы, өзіңіз де көпбалалы анасыз. Қабылдау граифігіңіздің де тығыз екенінен хабардармыз. Бала тәрбиесіне қаншалықы көңіл бөлудесіз?
− Қазір балаларым жасөспірім кезеңде. Кішкентай кездерінде бірге сапалы уақыт өткізетінмін. Ойындар ойнап, міндетті түрде далаға алып шығатынмын. Достықта -40 градус аяз күндеріне қарамастан сыртқа ойнатамын. Ауылдастар күлетін, «баланы ауыртатын болды ғой, мына аязда не істеп жүр» деп. Өмір – бумеранг екеніне сенемін.
Бірде шетелдік қарттар үйі туралы телебағдарлама көріп қалдым. Сол жерде жатқан қарттардың басым бөлігі прокурор, сот, жұмысбасты жандар екен. Қазір балаларға қалай көңіл бөлсем, өз кезегінде мен де соның қайтарымын аламын. Сол себепті бала тәрбиесі мен үшін ең маңызды мәселе. Ол үшін балалармен дос сияқты сөйлесіп, сырласатынымыз бар.
− Әр жастағы кризистерді қалай өткердіңіздер?
− Ондайды байқамай да қалған сияқтымыз. Тіпті жасөспірімдік өтпелі кезең де болмаған сияқты. Арамыздағы қарым-қатынас өте берік болғандықтан еленбей кеткен болар. Әйтпесе бала тарапынан «мені түсінбейді» деген сынды реніштер болса ол айқын байқалар еді. Әрқайсының мінезіне сай көңілдерін табуға тырысамын.
− Сұхбатқа дейінгі әңгіме барысында «рөлдерімді» аптаның әр күніне жоспарлап аламын деп едіңіз. Сол туралы толығырақ айта кетіңізші?
− Біздің бір бойымызда бірнеше рөл бар. Соның әрқайсысын ойлап, фокусты шашыратпас үшін аптаның әр күніне бөліп алғанмын. Мысалы, мен әр бейсенбі «қыз, перзент» рөліндемін. Ол күні әкеме міндетті түрде телефон шалып, жағдайын сұраймын. Бар болса ақша салып жіберемін. Ол кісі де менің қоңырауыма үйреніп қалған. Сонда мен «әкеме қашан соңғы рет хабарласып едім?» деп бас қатырмаймын. Әйел, жар рөлінде болған күні жолдасыма уақыт бөлемін. Жаяу серуендеп, киноға барып, сырттан шәй ішіп жеке уақыт өткзіуге тырысамыз, жақсы әңгімелесіп қайтамыз. Ұлдарыма бөлек, қыздарыма бөлек күн арнаймын.
− Сыры неде? «Ана» рөлі деп жынысқа бөлмей жалпылама қарастыруға болмас па еді?
− Олай да болар еді. Бірақ төртеуінің төрт түрлі қалауын орындап болғанша барлық уақытым кетеді. Сол себепті бөліп алдым. Оның үстіне ұлдарым әпке-қарындасының көзінше айтқысы келмейтін сырлары болуы мүмкін. Сол сияқты, қыздарда да солай. Соңғы уақытта не мазалап жүр, қандай қызықтар болып жатыр бәрін айтады.
Бір ғана шартымыз бар – ешкімді жамандамаймыз, талқыламаймыз. Отбасымызда кім сондай әңгіме айтып қалады, ақшалай айыппұл төлейді. Жолдасыммен арада «Бәленше бүйтіп кетіпті, иә?» деген бір әңгіме айтылып қалса, балаларым «Мама, сізден 500 теңге!» деп қарап тұрады.
Отбасы күні де бекітілген. Бұл күні кімде қандай жұмыс болса да ертерек босап, үйге келеді. Бұның барлығы бала жадында сақталады, кейін өз отбасына да солай көңіл бөледі. Әр жұма сайын бізге хабарласуды ұмытпайды дегендей. Аяқтанған соң өздерің үй боласыңдар, әкең екеуміз әдемі қартайып шет ел аралаймыз, театрға барамыз деп күлемін. «Үй қызметшісін жалдаймыз, бір айда сен, екінші айда сен төлейсің» деп төртеуіне бөліп қойғанмын. Осылай қиялдап қоятынымыз бар. Одан бөлек «тазалықшы» рөлі бар. Аптаның бір күні үй шаруасына көңіл бөліп, басқа күндері ол туралы ойламайсың. Туыстарымызға арналған бір күніміз бар. Қарым-қатынасты нығайтады. Қонаққа шақырамыз, мейрамханада күтеміз немесе табиғат аясына алып шығамыз, болмаса біз қонаққа барамыз. Сондай бір жиындар ұйымдастырып тұруға тырысамыз.
− Өте жақсы дүние айтып отырсыз. Енді осының барлығын тұрақты түрде жалғастыру үшін табандылық керек қой…
− Мен бала кезімнен бері бір іске табандымын. Жастайымнан өз оқуымды өзім төлеген адаммын. Алматыға оқуға түскен едім, бірақ анам мен үшін алаңдап жібермеді. Талдықорғанның колледжіне түсейін десем, оқып жатқан студент ағам бар. Екі баланың оқу ақысын қалта көтермейтін еді. «Сіз маған рұқсат берсеңіз болды, қалғанын өзім реттеймін, өзім төлеймін» деп анамды көндірдім. Колледж «завучіне» барып келістім. «Ата-анамның оқытатын мүмкіндігі болмай тұр, бірақ менің оқығым келеді. 55 000 теңге оқу ақысын он айға бөліп беріңізші, ай сайын 5 500 теңгеден төлеп отырайыншы» деп өтіндім. Ол кісі қабыл алды. Ай сайын ақша жинадым, қыздарға реферат жазып беремін, ксерокопия жасаумен айналысамын. Көшірмені «Байбатыр» сауда үйінде 1 теңгеге жасап аламын да, қыздарға әкеліп 3 теңгеден сатамын. Сөйтіп 5, 15, 50 теңге тиын құрап жүріп оқу ақысын төлеп шықтым. Сол тәртіптің арқасында ағылшын тілі мамандығын игердім. Бұл тәжірибе маған алдағы өмірімде де іске асты. Балалар массажын оқитын кезде де ақшасын жинап жүріп курсты өз күшіммен сатып алғанмын. Қаржылық сауаттың қалыптасуына да үлкен үлесін тигізді. Осы жағдай мені қайрай түспесе, сындырған жоқ.
− Сізді нағыз өз болашағының «инвесторы» десе болады екен. Тағы қандай білімге инвестиция жасауға дайындалып жүрсіз?
− Остеогинекология саласын меңгеруге ниеттеніп жүрмін. Күз айларында білікті маман аудармашысымен бірге Франциядан келеді. Остеопатияның гинекология бағыты десек те болады. Әйелдер қауымы үшін өте пайдалы болғалы тұр Алла қаласа. Соған дайындалып жүрмін.
«БІЛГЕН ДҮНИЕМДІ КӨППЕН БӨЛІССЕМ ДЕЙМІН»
− Ниетіңізге жетіңіз! Маған енді сіздің өсу жолыңыздағы жоспар-жаңалықтарыңыз қызық болып тұр?
− Жақында энциклопедияға ендім. «Жетісудың іскер әйелдері қауымдастығының» мүшесімін, білесіз. 2025 жылы басталарда күнделігіме «Мен Талдықорғанның ең мықты, жетістікке жеткен әйелдерімен араласамын» деп жазған едім, сол ниетім орындалды. Дұрыс орта адамды тек жақсы жаққа бағыттайды. Менторингтің арқасында жеке орталығымды аштым. 2025 трансформацияға толы жыл болды деп айта аламын. Биылғы жоспарым балалар массажы курсын оқыту. Жас аналарға да базалық білім керек массаж саласында, оны да қарастырдым. Жаңа мамандар оқытып шығаруға дайынмын. Себебі массаж курстарын оқып тауысып біткен екенмін. Маған жаңалық болатындай ешқандай курс қалмапты. Енді сол білген дүниемді көппен бөліссем деймін.
− Адам өсу алдында түрлі кедергілерге тап болады, достарын жоғалтады, қарызға кіреді немесе күтпеген шығындар болады деп жатады. Сол рас па екен? Бастан өткеріп көрдіңіз бе?
− Рас. Қарызға баттым дей алмаймын, бірақ достарды жоғалтқаным бар. Осыдан екі жыл бұрын 35 жасқа толған туған күнімде жанымда 35 жан құрбым бар еді. Менің өмірімде қалай жетістіктер орын ала бастады, құрбыларым солай жоқ болып кетті. Қазір 6 ғана құрбым қалды. Себебін де түсіндірмеді, тек қана өмірімнен жоқ болды, араласпай кетті. Анджелина Джолидің бір сөзі бар ғой: «Айналаңдағы адамдар сенен алыстап кетсе уайымдама. Құдай сен ести алмай қалған сөздерді естіді де, сені олардан сақтады» дегенге келеді. Өмірге қатысты, кәсібіме байланысты айтатын болсам, мен жұрт айтқандай бақсы емеспін, өзін өзгеше дамытып жүрген өзгеден басқа адаммын.
− Әсерлі де мағыналы сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан: Данагүл БЕРЕКЕТ
Оқи отырыңыз: Сіз сұраған «остеопат» деген кім?
