9 C
Almaty
Суббота, 18 Сәуір, 2026

― Advertisement ―

spot_img

Зейнетақының жеткілікті шегі тағы көтерілейін деп жатыр

Қазақстанда Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан (БЖЗҚ) қаражат алу үшін жеткіліктілік шегін көтеру жоспарланып отыр. Бұл көрсеткіш инфляция деңгейіне қосымша тағы 2% үстемемен өсірілуі мүмкін. Бұл туралы Сенаттағы дөңгелек үстелде Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді.

Министрдің айтуынша, соңғы 5 жылда зейнетақы шоттарынан шамамен 5 трлн теңге алынған. Оның ішінде 1 трлн теңгені 20–35 жас аралығындағы жастар шешіп алған. Жастар көбіне бұл қаражатты несие жабуға, емделуге және басқа мақсаттарға пайдаланады.

Осыған байланысты, жеткіліктілік шегін арттыру ұсынылып отыр. Қазір тиісті үкімет қаулысының жобасы дайындалып, мемлекеттік органдармен келісу кезеңінен өтуде.

Жаңа тәсіл бойынша, жеткіліктілік шегі жыл сайын инфляциядан жоғары өсіп отырады: қазіргі деңгейге инфляция қосылып, үстіне тағы 2% қосылады. Соның нәтижесінде, келесі жылы бұл шек шамамен 10% өсуі мүмкін. Қазір жоба Ұлттық банк пен Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінде қаралып жатыр.

Министрдің түсіндіруінше, Қазақстандағы зейнетақы үш бөліктен тұрады:

  • базалық (мемлекеттен)
  • ынтымақты (1998 жылға дейін еңбек өтілі барларға)
  • жинақтаушы

Алайда жинақтаушы жүйе ынтымақты зейнетақының азаюын толық өтей алмай отыр. Халықаралық стандарттарға сәйкес, зейнетақы азаматтың бұрынғы табысының кемінде 40%-ын жабуы тиіс. Бірақ сарапшылардың болжамынша, Қазақстанда бұл көрсеткіш алдағы уақытта 39%-ға дейін төмендеуі мүмкін.

Сонымен қатар, кейбір азаматтар табысын жасырады немесе жалған құжаттар арқылы еңбек өтілін көбейтеді. Бұдан бөлек, жинақтаушы жүйе барлық азаматтарға тең мүмкіндік бермейді. Халық санының өсуі мен өмір сүру ұзақтығының артуы да зейнетақы жүйесіне қосымша жүктеме түсіреді.

Осы мәселелерді шешу үшін министр зейнетақы жинақтарын алу тетігін қайта қарауды ұсынды. Бұл болашақта азаматтардың жеткілікті зейнетақы жинауына мүмкіндік беруге бағытталған.