2025 жылы Қазақстандағы ауылдық елді мекендер саны 83-ке қысқарып, 6,1 мың болды. Бұл туралы Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігінің Ұлттық статистика бюросы әкімшілік-аумақтық бірліктер жөніндегі деректерінде көрсетілген.
Соңғы 25 жылда ауыл саны тұрақты азайып келеді. Соңғы үш жылда бұл динамика айтарлықтай жеделдеген:
2020–2022 жылдары 46 жойылса, 2023–2025 жылдары — 199 ауыл тарап кеткен. Жалпы статистика жүргізіле бастаған соңғы 25 жылда 1767 ауыл картадан жойылған.
2025 жылы тараған ауылдардың 80%-ы Солтүстік Қазақстан, Ақмола және Павлодар облыстарында болған. adilet.zan.kz порталындағы құжаттарға сәйкес, осы өңірлерде 68 ауыл таратылып, бір жаңа ауыл — Нұрлы (Ақмола облысының Целиноград ауданында, Астана маңында) құрылған.
2021 жылғы халық санағы бойынша таратылған 68 ауылда небәрі 1,5 мың адам тұрған — бұл 2009 жылмен салыстырғанда 4,4 есе аз.
Тараған ауылдар ішінде ең көп тұрғыны болған ауыл — Ақмола облысындағы Красносельское ауылы, онда 74 адам болған.
68 ауылдың 62-сінде халық саны 50 адамнан аспаған.
Павлодар облысындағы Малая Парамоновка ауылында мүлде тұрғын тіркелмеген. Ал Солтүстік Қазақстан облысындағы Мирное және Калиновка ауылдарында тиісінше 1 және 2 адам ғана тұрған.
Негізгі себеп — халық санының аздығы. Заңға сәйкес, үш жыл қатарынан тұрғын саны 50 адамға жетпейтін елді мекендер таратылуы тиіс. Әдетте мұндай ауылдар есептен шығарылып, жақын орналасқан ірі елді мекеннің құрамына енгізіледі. Соңғы шешімді жергілікті билік тұрғындардың пікірін ескере отырып қабылдайды.
Жалпы ауылдардың қысқаруы елде тұрғындары өте аз елді мекендердің көп екенін көрсетеді. Бұл үрдістің басты факторы — көші-қон.
2025 жылдың қорытындысы бойынша ауыл халқы тек үш өңірде өскен: Алматы облысы, Атырау облысы және Маңғыстау облысы.
