Денсаулық сақтау министрлігі қантты шамадан тыс тұтынудың қауіпті екенін ескертіп, оны азайтудың нақты жолдарын ұсынды деп хабарлайды КУРСИВ.
Мамандардың айтуынша, ең алдымен тәтті сусындарды шектеу қажет. Мысалы, небәрі 0,5 литр газдалған сусынның өзінде шамамен 10 шай қасық қант болады. Оның орнына қарапайым ауыз суды таңдаған дұрыс.
Сонымен қатар мамандар мына кеңестерді ұсынады:
– Тәтті тіскебасарлардан бас тартыңыз. Олардың орнына жемістер, жидектер, жаңғақтар мен дәндерді таңдаңыз. Кептірілген жемістер мен жидектердің қант қосылмаған түрін таңдаңыз, бірақ оларды да аптасына 2–3 порциядан (1 порция – 20 грамм немесе шамамен 2 ас қасық) артық тұтынбаңыз.
– Тәтті йогурттар мен сүзбелі кремдердің орнына қоспасыз йогурт пен сүзбені таңдаңыз. Оларды өз қалауыңызша, мысалы, жидектермен дәмдеңіз.
– Тәттіні құнарлы өнімдермен бірге тұтыныңыз. Мысалы, кондитерлік өнімдерді дайындағанда тұтас дәнді ұнды қолданыңыз. Оған сұлы үлпектерін, жаңғақтарды, дәндерді, жемістер мен көкөністерді қосыңыз (сонымен қатар қант мөлшерін азайтуға тырысыңыз).
– Кейбір адамдар үшін қанттан бірден толық бас тарту оңайырақ болуы мүмкін. Алғашқы апта – ең қиын кезең, кейін дәм сезу қабілеті аз қант мөлшеріне бейімделетіні байқалады.
Мамандардың ескертуінше, қантты шамадан тыс тұтыну семіздікке, диабетке, жүрек-қан тамырлары ауруларына және зат алмасу бұзылыстарына әкелуі мүмкін
